Ссылки доступа

Астанада аштық жарияламақ болғандар жауапкершілікке тартылды


Астанада наразылық танытып, ашық жарияламақ болған бірнеше үлескер әкімшілік жазаға тартылды. Шілденің 3-і күні Астанада "Комсомол" тұрғын үй кешені құрылысы жанында бір топ үлескер баспанасының әлі салынып бітпегеніне наразылық танытып, аштық жариялаған.

Үлескер Гүлнара Қасымовның айтуынша, әкімшілік сот өзіне, Динара Сабдиноваға және Светлана Әбілқасымоваға "бейбiт жиналыстарды, митингiлерді ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңды бұзды" деген айыппен, 20 айлық есептік көрсеткіш (33 670 теңге) көлемінде айыппұл салған. Тағы екі үлескер Сәуле Тәкежанова мен Гүлмира Смағұловаға ескерту берілген. Гүлнара Қасымова сот түнгі сағат бір жарымға дейін болғанын айтады.

Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан тұрғын үй кешені құрылысы жанына 3 шілде күні түстен кейін бірнеше үлескер жиналып, ақшасын төленген пәтерлері әлі салынып бітпегенін айтып шағымданған. Олар "Орда Инжиниринг" компаниясы үйлерін былтыр желтоқсанда аяқтауы тиіс болғанын, бірақ әзірге қабырғасы ғана тұрғызылып, кейбірінің шатыры ғана жабылғанын айтады.

Үлескерлер үш-төрт шатыр тігіп, орныққаннан кейін бір сағат өтер-өтпесте арнайы автобустармен келген полиция жасағы оларды күштеп көтеріп автобусқа тиеп әкеткен.

Үлескерлер "Орда Инжиниринг" компаниясы үйді салып беру мерзімін созып келе жатқанын айтып, пәтерлері толық салынып бітпейінше аштық акциясын тоқатпайтынын мәлімдеген еді.

XS
SM
MD
LG