Ссылки доступа

"Жаңа Қазақстан": АҚШ-та "билік транзиті" мәселесін талқыладық


Жаңадан құрылған "Жаңа Қазақстан" форумы өкілдері АҚШ-қа сапарлап келгеннен кейін, баспасөз мәслихатын өткізіп, Америкада қандай мәселелер көтерілгенін жариялады. Олар Құрама Штаттарда Қазақстандағы "билік транзиті" мен сөз бостандығы мәселесін талқыладық дейді.

Форум мүшесі, саясаттанушы Расул Жұмалы "Жаңа Қазақстан" өкілдері АҚШ конгресі мүшелерімен, мемлекеттік департаменттің ресми тұлғаларымен және америкалық журналистермен кездескенін айтады. Жұмалының сөзінше, Америкада елдегі "билік транзиті", сөз бостандығы, ақпарат қауіпсіздігі және Қазақстанның 1930 жылдарындағы ашаршылыққа халықаралық баға беру мәселесін көтерген.

"Жаңа Қазақстан" форумы мүшелері өздерін "Ақорданың жобасы" емес екенін тағы қайталады. Олар сонымен бірге шетелде тұрып, Астананы сынап келе жатқан экс-банкир Мұқтар Әблязовтың да қарсыласы емеспіз дейді.

Форум мүшелері баспасөз мәслихаты кезінде Әміржан Қосанов, Дос Көшім, Расул Жұмалы және Айдос Сарым "Қазақстан экономикасындағы Қытай экспансиясы" мәселесін де сөз етті.

Әміржан Қосанов үкімет басшысына хат жолдап, Қазақстанға көшіп келмек 51 қытайлық өнеркәсіп жөнінде толыққанды ақпарат беруін сұрадық дейді. "Біз Қытаймен қорқытуға қарсымыз, көрші елдермен достық қарым-қатынасты қолдаймыз, бірақ елдің мәселесін көтеріп отырмыз", - деді Қосанов.

XS
SM
MD
LG