Ссылки доступа

Самарқандтағы милиция бөлімшесінде әйелдерді шешіндіріп қорлаған (видео)


Скриншот с видеозаписи
Скриншот с видеозаписи

Өзбекстанның Самарқанд облысындағы Каттакурган қаласының ішкі істер бөлімшесінде базарда ақша ұрлады деген күдікпен ұсталған екі әйелді тыржалаңаш шешіндіру арқылы қорлаған.

Құқыққорғау органы қызметкерлерінің ұсталған әйелдердің ар-намысын қорлаған сәті түсірілген видео Озодлик редакциясына 4 маусымда түсті. Самарқанд облысының прокуратурасы бұл жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғады.

Видеода 35 жастағы әйелдің үстіндегі киімдерін милиция қызметкерінің мәжбүрлеуімен шешіп жатқаны түсірілген. Әйелге бұйырып тұрған ер азаматтың түрі кадрдан тыс қалған.

Бұл уақытта тағы бір ер адамның даусы екінші бір әйелге бұйырып жатқаны, күдіктіні ұрып, балағаттағаны естіледі. Әйел бұлай жасамауын сұрап жалбарынған, бірақ оған былапыт сөздермен жауап берген. Ер азамат әйелдердің біріне жалаңаш күйінде далаға шығуға бұйырған.

Видеоны "Озодлик" редакциясына жолдаған милиция қызметкерінің айтуынша, камераға түсірілген оқиға 3 маусымда Самарқанд облысы Каттакурган ішкі істер бөлімшесінің дәлізінде болған. Есімінің құпия сақталғанын қалаған дереккөздің айтуынша, әйелді тыржалаңаш шешінуге мәжбүрлеген адам - Каттакурган қаласы қылмыстық іздестіру бөлімінің тергеушісі Санат Умаров.

"3 маусымда Санат Умаров бастаған топ милиция бөлімшесіне екі әйелді алып келді. Олар жергілікті базарға басқа ауданнан келген, ақша ұрлады деген күдікпен ұсталған. Әйелдерді тыржалаңаш шешіндіріп, ұрланған ақшаны іздеген. Бірақ олардан ақша табылмаған. Милиция қызметкерлері оларды босатқан. Олардың ұсталғаны туралы ешқандай құжат толтырылмаған. Бұл әйелдердің есімдері ұсталғандар туралы есеп журналында да тіркелмеген", - деді милиция қызметкері.

Оның айтуынша, видеоны тергеушілердің өздері түсірген. "Біраз уақыттан соң бұл видео милиция қызметкерлері арасында таралып кетті", - деді ол.

Телефонмен әңгімеде тергеуші Санат Умаров бұл әйелдерді шешіндіріп қорлағанын жасырмады.

"Мен бұл әйелдерден кешірім сұрадым. Бұл жағдайға қатысты Самарқанд облыстық прокуратурасы қылмыстық іс қозғады. Бұл әйелдер облыстық прокуратураға арызданған. Оларға болған жағдайдың барлығын айтып берген. Қылмыстық іс қаралған соң оны сотқа жолдайды", - деді тергеуші Санат Умаров.

Тергеу жүріп жатқанына қарамастан, ол қылмыстық іздестіру бөлімінде жұмыста жүргенін растады.

XS
SM
MD
LG