Ссылки доступа

Шымкентте газет редакторына сот үкім шығарды


Шілденің 11-і күні Шымкенттің Әл-Фараби аудандық соты республикалық "Темірқазық-ой" қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Анаркүл Сүлееваға үкім шығарды. Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, судья Еркін Оспанов Анаркүл Сүлееваны "көрінеу жалған ақпарат таратты" және "өзге адамның жеке өміріне қол сұқты" және "порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз таратты" деп айыптап, бас бостандығын екі жарым жылға шектеу туралы үкім шығарды.

Сот сонымен қатар оған үш жыл журналистік қызметпен айналысуға тыйым салды. Журналист "адам ұрлау" бабы бойынша ақталды.

Бұл іс бойынша айыпталушы тағы бір журналист Бағила Қадырбаева екі жарым жылға сотталып, кәсіби қызметпен айналысуға өмір бойына тыйым салынды. Әбдіраман Тұрмағанбетов пен тағы бір журналист Ғабиден Рахманбердиевке де екі жарым жыл шартты жаза кесілді. Рахманбердиевтің журналистік қызметпен айналысуына үш жылға тыйым салынды.

Сотталушыларға әуелде Қылмыстық кодекстің 147-бабының 5-бөлігі ("Жеке өмiрге қол сұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу") , 125-бабының 2-бөлігі ("Адам ұрлау"), 274-бабының 3-бөлігі (Көрінеу жалған ақпарат тарату"), 293-бабының 2-бөлігі ("Бұзақылық"), 311-бабымен ("Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату") айып тағылған еді.

Жәбірленуші ретінде ауыл имамы танылған. Имам аты-жөнін жариялауға тыйым салған. Тергеу дерегінше, сотталушылар "ауыл имамын шешіндіріп видео түсіріп, таратқан".

Анаркүл Сүлееваның адвокаты Гүлжан Әбдіхалықова сот үкіміне шағымданатынын айтты.

Журналиске қатысты сот 15 наурызда басталған. Сот жабық түрде өтті.

XS
SM
MD
LG