Ссылки доступа

Өзбектің Sevimli TV телеарнасы фильмдегі эротикалық көріністерді қимаған қызметкерлерді жұмыстан шығарды (видео)


Өзбекстанда Sevimli TV телеарнасы 15 шілдеде эфирде көрсетілген шетел фильмінде эротикалық көріністердің болғаны үшін кешірім сұрады. Телеарна басшылығы "ұлттық ар-ұжданға қайшы" көріністерді эфирге жіберіп "қателік жасаған" қызметерлерді жұмыстан шығарды.

15 шілдеде жергілікті уақыт бойынша сағат 22:30-да Sevimli TV телеарнасы "Кербез сұлу" (I Feel Pretty) фильмін көрсетті.

Көрермендер фильмнің кадрын кесіп алып, әлеуметтік желіге таратқан "ұятсыз көріністе" еркек пен әйел сүйісіп, жыныстық қатынасқа түсуге оқталады.

Сол күні осы фильмді көрген белгілі бір топ телеарнаны қаралау науқанын бастады. Олар фильмдегі бұл көріністер "өзбек менталитетіне қайшы" деп есептейді. Бірқатары "ұлт рухын таптаған" телеарна әкімшілігіне қатаң шара қолдануды талап етті.

16 шілдеде түстен кейін Sevimli TV телеарнасының Facebook'тегі парақшасында "кешірім сұрау хаты" жарияланды. Телеарна әкімшілігі "Кербез сұлу" фильміндегі эротикалық көріністер эфирге қызметкерлер қателігінің салдарынан көрсетілген деп хабарлады. Телеарна әкімшілігі кешірім сұрап, мұндай қателіктер болашақта қайталанбас үшін шара қолданылғанын жазды.

Sevimli TV​ телеарнасының бір қызметкері осы оқиғадан соң кем дегенде үш қызметкер жұмыстан шығарылғанын айтты.

"Әдетте біз шетел фильмдерін қарап, ұлттық менталитетке қайшы кадрлерді кесіп тастаймыз. Әріптестерім үш адам жұмыстан шығарылғанын айтты. Олардың арасында кезекші редактор да бар. Тағы бірнеше адам жұмыстан шығарылуы немесе қатаң сөгіс алуы мүмкін", - деді өз есімінің аталмағанын қалаған телеарна қызметкері.

XS
SM
MD
LG