Ссылки доступа

Өзбекстан ІІМ күзет қызметінің басшысын өлтіріп кетті


Ташкентте Өзбекстан ІІМ Қоғамдық тәртіп және күзет қызметінің басшысы Дилшод Акрамовты өлтіріп кетті. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары құқыққорғау органдарындағы дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

Хабарларға қарағанда, белгісіз біреу Акрамов кеңсесіне кіріп, оны пышақтаған. Қылмыскер оқиға орнынан қашып кеткен.

Милиция Акрамовқа шабуылдаған кісінің оның танысы болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.

Ташкент прокуратурасы "айуандықпен қасақана кісі өлтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Қалалық ішкі істер департаменті істің Бас прокуратураға тапсырылғанын хабарлады. Бұдан басқа ресми органдардан кісі өлімі туралы ешқандай мәлімет таратылмады.

Акрамов шілде айының басында Қоғамдық тәртіп және күзет қызметінің басшысы болып тағайындалған. Ол бұған дейін Ташкент қаласы ішкі істер департаменті Құқық бұзушылықтың алдын алу басқармасын басқарған.

XS
SM
MD
LG