Ссылки доступа

Тәжікстанда ұялы байланыс операторы айыппұл санкциялары бойынша сотта жеңілді


Тәжікстанның жоғарғы экономикалық соты "Билайн" ұялы байаныс компаниясы мен Салық комитеті арасындағы дауды қарап, соңғысының пайдасына шешім шығарды. Байланыс операторы салық комитеті салған айыппұлды тым жоғары әрі әділетсіз деп санап, сотқа шағымданған.

Жоғарғы экономикалық соттағы дереккөздің 6 тамызда хабарлауынша, "Билайн-Тәжікстан" брендімен жұмыс істейтін "Таком" компаниясын салық комитеті тексеріп, салық төленбегенін анықтаған. Комитет компанияға 51 млн 144 мың сомони (шамамен 5,5 млн доллар) айыппұл салған. Дегенмен "Билайн" компаниясы Душанбе қалалық экономикалық сотқа шағымданған. Сот шағымды қабылдамаған, компания Жоғарғы экономикалық сотқа арыздануға мәжбүр болған.

Дереккөз мәліметіне қарағанда, Жоғарғы экономикалық сот алғашқы инстанцияның шешімін қолдаған. Ол даудың жан-жақты қаралғанын және дәлелдер негізінде шешім шығарылғанын айтты.

Еске салайық, өткен жылы қаңтар айының аяғында Салық комитетінің төрағасы Нусратулло Давлатзода салықтан жалтару фактілері анықталғанын мәлімдеген. Атап айтқанда, "Мегафонның" салалас компаниясы МЛТ Тәжікстанға шамамен 19,5 млн доллар, ал "Таком" – 18,9 млн доллар салық төлеуі керек екендігі мәлім болды.

XS
SM
MD
LG