Ссылки доступа

Өзбек олигархы Усманов "Арсеналдағы" үлесін сатады


Ұлты өзбек ресейлік олигарх Әлішер Усманов ағылшынның "Арсенал" футбол клубындағы 30 пайыз үлесін сатуға келісім берді.

Оны америкалық магнат Стэн Кронке сатып алады. Кронке клубтың 67 пайызына иелік етеді. Бұған қоса ол америкалық Denver Nuggets баскетбол клубы мен Los Angeles Rams америкалық футбол клубына иелік етеді. Кронкенің мәлімдеуінше, клуб қожалығы бір адамға көшкен жағдайда, оны басқару жақсарады.

Forbes мәліметі бойынша, 12,5 млрд доллар байлығы бар Усманов Ресейде бай кәсіпкерлердің ондығына кіреді. Ол "Арсенал" клубының акцияларын 10 жыл бойы ұстады. 2007 жылы ол клубтың 14,5 пайызын "Арсеналдың" бұрынғы вице-президенті Дэвид Дейннен сатып алды. Шамамен сол уақытта Кронке еуропалық активтерін өсіре бастаған. 2016 жылы Усманов тағы бір ірі акционер Фархад Моширидің акцияларын сатып алып, клубта көлемі жөнінен екінші акционерге айналды. Бірақ Кронке болса Нина Брейсвелл-Смиттен құнды қағаздар сатып алып, "Арсеналдың" 65 пайызына иелік ете бастады. Соның негізінде ол клубты басқаруды өз қолына алды. Бұдан соң Усманов директорлар кеңесіне де кірмей қалған.

Сарапшылар "Арсеналдың" құнын 2,3 млрд долларға бағалады, бірақ Усманов өз үлесін қаншаға сататыны белгісіз. Financial Times және Mirror басылымдарының хабарлауынша, ол 550 млн фунт немесе 711 млн доллар алуы мүмкін. Кронке клуб үлесін сатып алу үшін Deutsche Bank көмегіне жүгінген.

Алишер Усманов АҚШ-тың Ресейге қарсы санкция тізіміне енуі мүмкін екендігі хабарланған, бірақ биыл сәуір айында жарияланған "қара тізімде" оның есімі аталмады.

"Арсеналдағы" үлесінің сатылуы санкцияларға байланысы бар-жоғы туралы олигархтар ештеңе айтпай отыр.

XS
SM
MD
LG