Ссылки доступа

АЕ/АР басшысы: Түркіменстан билігі журналистерді әлі де қудалайды


Огулсапар Мурадова, Ашхабад, 2004 год (архивное фото)
Огулсапар Мурадова, Ашхабад, 2004 год (архивное фото)

Азат Еуропа / Азаттық Радиосы (АЕ/АР) БҰҰ Адам құқығы жөніндегі комитетінің журналист Огулсапар Мурадованың өліміне Түркіменстан билігін кінәлі деп тапқан шешімін қолдайды. Бұл туралы мәлімдеме жасаған АЕ/АР президенті Томас Кент мұндай шешім әсіресе Түркіменстан билігі Азаттықтың Түркімен редакциясы тілшілеріне қысымын күшейткен тұста ерекше маңызды екенін айтады.

"Біз БҰҰ-ның Огулсапар Мурадованың өлімінің саяси астары бар және ол журналистің құқық қорғаушылық қызметімен байланысты деген шешімін қолдаймыз. Мұндай тұжырымды құқық қорғау ұйымдары бұған дейін-ақ жасаған еді", деді Кент.

АЕ/АР сонымен қатар, түркіменстандық журналистер, оның ішінде Солтан Ачилова, Сапармамед Непескулиев, Ровшен Язмухамедов және Худайберды Аллашовтың әлі де қудаланатынын және кәсіби қызметі үшін бас еркіндігінен айырылу қаупі төніп тұрғанын мәлімдеді. Томас Кент оларды қудалауды тоқтатуды талап етеді.

Огулсапар Мурадова - "Түркімен Хельсинки қоры" құқық қорғау ұйымын құрған журналист. 2004 жылдан бастап ол АЕ/АР Түркімен редакциясының тілшісі болып істеген. Билік оны 2006 жылдың маусымында - тыңшылық жасады деп айыпталған француз журналисімен байланыс орнатқан соң тұтқындаған. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, журналисті ұстап, қамаған кезде хаттама толтырылмаған және оған айып та тағылмаған. Журналиске адвокат та жібермеген. Оның ісі бойынша сот Ашғабадта жабық өткен. Мурадова өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Ол 2016 жылы қыркүйекте түрмеде белгісіз жағдайда көз жұмды. Туыстары оның денесінде көптеген жарақат іздері барын айтады. Түркіменстан билігі Мурадованың өліміне қатысы жоғын айтады.

Құқық қорғау ұйымдары Мурадова ісінің саяси астары барын мәлімдеп, оның өлімін тәуелсіз түрде тергеуге бірнеше рет шақырған.

2018 жылы 3 тамызда БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитеті Түркіменстан билігін Мурадованың өліміне жауапты деп таныған.

XS
SM
MD
LG