Ссылки доступа

СІМ: АҚШ әскери базасы Каспийге орналаспайды


Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов ресейлік РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында Каспийде америкалық әскери базасы орналаспайды деп мәлімдеген.

Министрдің айтуынша, бұл Каспий жағалауында орналасқан бес ел басшылары келіскен конвенциядағы принциптерге қайшы. Конвенцияда Каспийге бөтен тараптардың әскери күшін орналастырмау жайлы принцип бекітілген.

Министр кейбір Ресей ақпарат құралдары мен сарапшылардың Қазақстан арқылы өтетін америкалық әскери емес жүктердің транзитіне қатысты мәселеден жеткілікті дәрежеде хабардар еместігін атап өткен.

Әбдірахмановтың айтуынша, мәселе әуе арқылы тасымалданбайтын, теміржол арқылы өтетін коммерциялық жүктер жайлы болып отыр - бұл ауған үкіметін қолдау операциясын жалғастыру үшін қажет.

“Мәселе Каспийде АҚШ-тың әскери базасын орналастыру немесе өзге шет мемлекеттің әскери базасын орналастыру жайлы болып отырған жоқ” деді министр.

Қайрат Әбдірахмановтың сөзінше, мұндай транзит үшін тек Қазақстан емес, өзге елдердің де территориясы қолданылып келген. Қазақстан тек Ақтау, Құрық порттары арқылы жүктердің тасымалдануына мүмкіндік беріп, пунктерді толықтырып отыр.

2018 жылы 19 сәуірде Қазақстан парламенті Ауғанстанға жүктерді жеткізу туралы АҚШ-пен арадағы келісімге енгізілген түзетулерді мақұлдаған. АҚШ-тың Ауғанстанды қалпына келтіру жоспарына сәйкес Қазақстан арқылы жүкті өткізуге қатысты хаттаманы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдағаны туралы ақпарат мемлекеттік БАҚ-та мамырдың 5-і күні жарияланған.

XS
SM
MD
LG