Ссылки доступа

Бес ел басшылары Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтайтын құжатқа қол қойды (видео)


Ақтау қаласында өткен бесінші Каспий саммиті барысында Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Иран және Түркіменстан басшылары Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтайтын конвенцияға қол қойды.

"V Каспий саммитінің отырысы нәтижесінде Нұрсұлтан Назарбаев, Владимир Путин, Хасан Роухани, Ильхам Әлиев және Гурбангулы Бердімұхамедов Каспий теңізінің құқықтық статусын анықтайтын құжатқа қол қойды. Ол бойынша 1996 жылдан бері жұмыстар жүргізіліп келді. Конвенцияның жобасы 2017 жылы 4-5 желтоқсанда Мәскеуде өткен Каспий жағалауы елдерінің сыртқы істер министрінің отырысы аясында түпкілікті түрде келісілді" делінген жексенбі күні таратылған хабарламада.

Конвенцияда Каспий теңізіне қатысты тараптардың құқықтары мен міндеттері анықталған. Құжатта табиғи ресурстарды қолдану, территориялық сулар, теңіздегі шекара, кеме жүру тәртібі, балық аулау құқығы, табиғатты қорғау мәселелері жазылған.

Каспий теңізін бөлу мәселесі 1992 жылдан бері талқыланып келеді. СССР ыдырап, оның құрамындағы мемлекеттер тәуелсіздігін алған соң Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түркіменстан мен Иранға екі мыңға жуық су асты жануары мекендейтін, 700-ден астам теңіз өсімдігі бар, мұнай мен газ кеніштеріне бай әлемдегі ең ірі тұйық су қоймасының құқықтық мәртебесін жаңадан анықтау қажет болды.

Каспий шельфінде 50 млрд баррель мұнай және тоғыз триллион текше метр газ қоры бар. Бұл қазіргі әлемдік нарықтағы баға бойынша бірнеше триллион долларды құрайды. Барлау жұмыстары бұл көрсеткішті одан әрі арттыруы мүмкін.

XS
SM
MD
LG