Ссылки доступа

Тәжікстан президенті 17-18 тамызда Өзбекстанға барады


Өзбекстанның үкіметтік басылымдары Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон 17-18 тамызда Ташкент және Самарқанға келеді деп хабарлады. Тәжік лидері Өзбекстанға соңғы рет 20 жыл бұрын, 1998 жылы барған.

Kun.uz агенттігінің хабарлауынша, 17 тамызда тәжік лидері сапарының алғашқы күнінде Ташкентте Тәжікстан мен Өзбекстанның өнер қайраткерлерінің қатысуымен үлкен салтанатты шара өтпек. «18 тамызда Эмомали Рахмон Самрқанға барады», - деп жазады басылым.

Өзбек ақпарат құралдарының хабарлауынша, Эмомали Рахмонның Өзбекстанға мемлекеттік сапары барысында 20-дан астам құжатқа қол қойылмақ. Олардың ішінде екі ел арасындағы қарым-қатынасты күшейту мен шекараны делимитациялау мен демаркациялау бар.

Бірақ әлі күнге дейін екі елдің ресми өкілдері алдағы сапар жайында түсініктеме бермеді. Бірақ өзбек билігіндегі дереккөздің хабарлауынша, 12 тамызда Тәжікстанның шығармашылық өкілдері "Достық кешіне" дайындалу үшін Өзбекстанға аттанған.

Эмомали Рахмон Өзбекстанға соңғы рет ресми сапармен 1998 жылы барған. Бірақ 2016 жылдың қыркүйек айында Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовті жерлеу рәсіміне қатысу үшін, Самарқанда болған.

Биыл наурыз айында Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев Тәжікстанға мемлекеттік сапармен барды. Сол кезде екі ел басшылары 27 құжатқа қол қойды. Олардың арасында екі ел азаматтары көрші мемлекетте 30 күнге дейін визасыз режимде жүре алатын келісім де бар.

2017 жылы екі елдің тауар айналымы 126 млн долларға жеткен. 2015 жылы бұл көрсеткіш 12 млн доллар болатын.

XS
SM
MD
LG