Ссылки доступа

"Тәлибан" өкілдері Ташкентте Өзбекстан билігімен келіссөз жүргізді


"Тәлибан" қозғалысының Қатардағы кеңсесінің басшысы Шир Мұхаммад Аббас Станикзай бастаған делегация 6-10 тамыз аралығында Өзбекстанда жұмыс сапарымен болған.

"Тәлибан" қарулы қозғалыс өкілдері Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі өкілдерімен қауіпсіздік, Ауғанстандағы қақтығысты реттеу және елден шетел әскерін шығару мәселелерін талқылаған. Келіссөзге Өзбекстан сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов пен Өзбекстанның Ауғанстандағы арнайы өкілі Исматилла Иргашев қатысқан.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев осыған дейін Ташкент Ауғанстан үкіметі мен "Тәлибан" қозғалысы арасында тікелей келіссөз жүргізуді ұйымдастыруға дайын деп бірнеше мәрте мәлімдеген.

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, Ауғанстанда бейбітшілік орнату жөніндегі Жоғарғы кеңестің баспасөз хатшысы Эхсанулла Тахери мен Өзбекстан шенеуніктері қарулы топ өкілдерімен кеңесіп, Кабулдан келіссөз өткізу жөнінде келісім алған.

Мұсылмандардың қасиетті Рамазан айының аяқталуы құрметіне орай өтетін үш күндік Ораза мейрамында Ауғанстан билігі мен "Тәлибан" қозғалысы үш күн оқ атпау жөнінде келісімге келген. Осы күндері соңғы 17 жылда бірінші рет "Тәлибан" өкілдері Кабулға қарусыз кірді.

XS
SM
MD
LG