Ссылки доступа

6 жастағы баланы өлімші етіп сабаған астыртын медресенің молдасы 7 жылға сотталды


Өзбекстанның Сырдария облыстық соты астыртын діни медресенің молдасы Шерали Ибодовты 6 жастағы баланы өлімші етіп сабағаны үшін жеті жылға түрме жазасына кесті.

Сот Шерали Ибодовты Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 104-бабы («Қасақана ауыр дене жарақатын салу») бойынша айыпты деп таныған.

Сырдария облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, сотталушы Шерали Ибодов "Тарикат" діни ағымына жататын астыртын діни медресе ашқан. Ол мектепте тәрбиеленушілерді жүйелі түрде ұрып-соғып отырған.

"Сот процесі кезінде Ибодовтың 6 жастағы шәкірті ауыр соққыдан қаза болғаны белгілі болды" – деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.

Озодлик (Азаттықтың өзбек қызметі) тілшісі 2017 жылдың желтоқсан айында қайтыс болған марқұм 6 жасар Мұхаммадсадыктың туысымен тілдескенде, сот үкіміне разы екенін жеткізген. Туысының айтуынша, медресе молдасы Шерали Ибодов үлгерімі нашарлау балаларды үнемі қамшымен сабап келген.

Жақында "Өзбекстан 24" телеканалында "Хужрадаги зулмат" деп аталатын фильм көрсетілген. Онда 2018 жылы Өзбекстанда 116 астыртын діни медресе жабылғаны айтылады. Былтыр республика бойынша дәл осындай 33 заңсыз мектеп жабылған.

XS
SM
MD
LG