Ссылки доступа

Өзбекстан халыққа мәжбүрлеп мақта тергізуден бас тартады


Өзбекстан үкіметінде 5 қыркүйекте премьер-министр Абдулла Ариповтың төрағалығымен биылғы мақта жинау науқанын ұйымдастыруға қатысты видеоселекторлық жиналыс өтті.

Жиналыста 18 жасқа толмағандарды, мұғалімдер мен медицина қызметкерлерін мақта теруге тартуға қатаң тыйым салынатыны ескертілді. Бұған қоса халықты мәжбүрлеп мақта тергізу тәжірибесіне жол берілмейді. Мұндай жағдайлар анықталған жағдайда, қатаң шара қолданылады. Мақта терушілерді жинау, тамақтандыру жұмысын шаруа қожалықтары атқарады.

"Биыл мақта терушілер мектептер мен колледждерде тұрмайды. Мақта теру науқанында балалар білім алуы керек. Мұғалімдер ғана емес, мақта теруге халықты мәжбүрлеуге болмайды. Осыған жол берген шенеуніктерді қызметтен аламыз. Ал Бас прокуратура оларға заң аясында шара қолданады", - деп мәлімдеді өзбек үкіметінің басшысы.

Үкімет мақта жинаушылардың еңбегін дұрыс төлеуге уәде берді. Биыл мақта жинаудан түскен табысқа салық салынбайды.

Өзбекстанда мақта теретін 26 мыңнан астам отряд құрылады, оған 2 миллионнан астам адам қатысады.

XS
SM
MD
LG