Ссылки доступа

Bellingcat пен The Insider: "Петров" әскери дәрігер Александр Мишкин болып шықты


«Александр Петров»
«Александр Петров»

The Insider мен Bellingcat Скрипаль отбасын улады деген екінші айыпталушы "Александр Петровтың" шын мәнінде Ресей қарулы күші бас штабының қызметкері, әскери дәрігер Александр Мишкин екенін анықтаған.

Мишкин 1979 жылы Архангельск облысы, Лойга ауданында туған. Әскери академиялардың бірінен медициналық білім алған. Оқып жүрген кезінде Ресейдің бас барлау басқармасында жұмыс істеу ұсынылған. 2010 жылы Мишкин Мәскеуге көшіп барған. Онда ол Александр Петров деген жаңа құжат алған. Руслан Бошировқа қарағанда Петровтың туып-өскен жері, білімі туралы мәлімет Мишкин өмірбаянымен сәйкес келеді.

Bellingcat пен The Insider Мишкиннің кім екенін шын мәнінде оны жақсы білетін "дереккөздер" арқылы анықтағанын айтады.

Британ билігі Ресей бас барлау басқармасының қызметкері деген екі адамды Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияны химиялық затпен улады деп айыптайды. Оқиға биыл көктемде Англияда орын алды.

Ал "Петров" пен "Боширов" RT телеканалына өздерінің қарапайым кәсіпкерлер екенін, Солсбериге турист ретінде барғанын мәлімдеген.

Ресми Мәскеу әзірге бұл мәлімдемеге түсінік бермеді. Ал зерттеушілер Александр Мишкин туралы толық мәліметті сейсенбі күні жарияламақ.

XS
SM
MD
LG