Ссылки доступа

Қырғызстанда еңбек министрлігі басшысыз қалды


Қырғызстанның премьер-министрі Мұхаммедқали Абылгазиев еңбек және әлеуметтік даму министрінің орынбасары Лунара Мамытованы қызметінен алды.

Осыған дейін Лунара Мамытованың өзі отставкаға кету жөнінде арыз жазған. Себебі іссапарға қатысты басы дауға қалған.

24 қыркүйекте парламент депутаты Аида Касымалиева еңбек министрі мен оның орынбасарының іссапарына қатысты мәліметтерді тексеру жөнінде мәселе көтерген. Депутаттың айтуынша, мамандардың біліктілігін көтеру мақсатында шақырылған оқуға министрдің өзі және орынбасары барған. Аида Касымалиева мемлекеттік қызметкерлер дипломатиялық паспортты демалыс үшін пайдаланады деп мәлімдеген.

Ал Мамытованың өзі бұл дауды қызметке таласу деп баға береді.

8 қазанда Бас прокуратура еңбек министрлігіндегі тексерудің нәтижесін жариялады. Мамытоваға қатысты дипломатиялық паспортын дер кезінде HR бөліміне тапсырылмағаны мәлім болды делінген.

11 қазанда президент жарлығы бойынша, еңбек және әлеуметтік даму министрі Таалайгүл Исакунова қызметінен алынды. Осыған дейін ұшақта мас күйінде отырып, шу шығарған оның бір орынбасары Зууракан Каденова отставкаға кеткен болатын.

XS
SM
MD
LG