Ссылки доступа

Астана Таяу Шығыс жөнінде келіссөзді жаңартуға шақырады


Астана Таяу Шығыстағы жағдайды реттеуге байланысты келіссөздерді қайта бастауға шақырады. Бұл жөнінде Қазақстанның сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында мәлімдеді.

"Қазақстанның Таяу Шығыс процесіндегі ұстанымы өзгеріссіз. Біз алдын ала шарт қоюсыз екіжақты келіссөздерді қайта бастауға шақырамыз. Мұны БҰҰ жарғысына сәйкес, әлемнің Жол картасы, Арабтың бейбіт бастамасы және Мадрид ұстанымдары секілді құжаттарға сәйкес өткізу керек. Қауіпсіздік және бейбітшілік, тұрақты даму және адам құқықтары – бұл Таяу Шығыс үшін де бағалы құндылықтар", - деп атап өтті Ержан Ашықбаев.

Газада қазір ауыр экономикалық жағдай. Бүкіләлемдік банктің мәліметі бойынша, палестиналық жастар арасында жұмыссыздық 70 пайызды құрайды.

Қыркүйек айының басында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш БҰҰ-ның Таяу Шығыс агенттігін қаржыландыруға көмектесуге шақырған.

31 тамызда Вашингтон БҰҰ-ның Таяу Шығыс агенттігін қаржыландыруды тоқтататынын мәлімдеген. Құрама Штаттардың жарнасы жылына 350 миллион долларды құрайтын.

XS
SM
MD
LG