Ссылки доступа

ҚСДП: Сайлау штабына бөлінген ақшаға Жээнбеков жауап берсін


Қырғызстанның Социал демократиялық партиясы (ҚСДП) экс-президенттің кеңесшісі Икрамжан Илмияновтың ісі бойынша, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетімен (ҰҚМК) жазысқан хаттарын жариялады.

ҚСДП мәліметі бойынша, 24 қазанда ҰҚМК партияға сұрау жолдаған. Онда 2017 жылдың 8 тамызында Икрамжан Илмияновтың сайлауалды штабтың төраға орынбасары ретінде 150 мың доллар алғаны айтылады. Ақшаны «Дизель комплект» компаниясы демеушілік көмек ретінде берген.

Арнайы қызмет партиядан алған ақшаны растауын сұрапты.

29 қазанда партия арнайы қызметке жауап жолдаған. Онда ҚСДП 2017 жылы съезде президенттікке тек Сооронбай Жээнбековтің кандидатурасын ұсынғанын, ал барлық қаржылық мәселені президентке үміткер және оның сайлау штабы шешкені айтылған. «Социал демократиялық партия ақша алмады», -делінген хатта.

ҚСДП сайлау кезінде бөлінген ақшаның барлығына қазіргі президент Сооронбай Жээнбеков немесе Орталық сайлау комиссиясы жауап беруі тиіс деп есептейді.

19 қазанда Ресейде экс-президент Алмазбек Атамбаевтың ең сенімді адамы, кеңесшісі болған Икрамжан Илмиянов ұсталып, Бішкекке жеткізілген. Бас прокуратура оған қарсы алаяқтық жасады деген іс қозғады. Бірінші май соты оны 28 қарашаға дейін қамауға алу туралы шешім шығарған.

Тергеу ісі қылмыстық істің мән-жайын түсіндірмеді. Илмияновтың адвокаты да экс-президенттің бұрынғы кеңесшісі неліктен күдікке алынғанын әзірге айтпай жатыр.

XS
SM
MD
LG