Ссылки доступа

Дереккөз: Таулы Бадахшан автономиясының бейресми жетекшілері Душанбеге келді


Тәжікстандағы Таулы Бадахшан автономиялық облысының бейресми жетекшілері жиырма жылда алғаш рет Душанбеге келді. Бұл туралы Тәжікстан үкіметіндегі дереккөз хабарлады.

Толиб Аёмбеков, Ёдгор Мамадасламов, Мунаввар Шанбиев және Зоир Раджабов Хорогтан Душанбеге келіп, президент Эмомали Рахмонмен кездестіруін сұраған. "Мемлекеттік ақпарат құралдары оларды ұйымдасқан қылмыстық топ басшылары деп атағанын наразы болған төртеу мемлекет басшысына бұның жалған екенін дәлелдегісі келеді", - деді автономиялы облыстың бейресми жетекшілеріне жақын дереккөз.

"Олар Таулы Бадахшан аумағынан соңғы 15-20 жылда ешқайда шықпаған. Тәжікстан - олардың отаны, олар елдің әрбір түкпіріне барып, халықпен сөйлесе алады. Қазір төртеуі Душанбеде жүр", - деді тәжік үкіметіндегі дереккөз. Оның айтуынша, бұл сапарды билік емес, Таулы Бадахшанның бейресми жетекшілерінің өздері ұйымдастырған.

Бейресми жетекшілердің бірі Зоир Раджабов соңғы мәрте астанада 15 жыл бұрын болғанын хабарлады. "Қазір мен Варзоб шатқалына қарай бара жатырмын. Ёдгор Мамадасламов басқа жақта жүр. Кешіріңіз, мен телефонмен көп сөйлесе алмаймын", - деді ол.

Еске салайық, өткен аптада Тәжікстан билігі Таулы Бадахшанның бейресми жетекшілерін қылмыстық әрекеттер жасамауға шақырып, әйтпесе олар қатаң жазаланатынын ескертті. Ультиматум қойылған ресми қағаз аймақтағы бейресми жеті жетекшіге – Толиб Аёмбековке, Мамадбокир Мамадбокировке, Ёдгор Мамадасламовқа, Хурсанд Мазоровқа, Мунаввар Шанбиевке, Зоир Раджабов пен Амриддин Аловатшоевқа 22 қазанда облыстық прокуратура ғимаратында тапсырылды.

Бадахшан телеарнасының хабарлауынша, бейресми жетекшілердің барлығы билік дайындаған құжаттарға қол қойған.

Бұл құжатта билік бейресми жетекшілерден қылмыстық топтар ұйымдастырудан бас тартуын талап еткен.

XS
SM
MD
LG