Ссылки доступа

Назарбаев Сауд Арабиясын "маңызды әрі сенімді серіктес" деп атады


Kazakhstan - Prince Abdulaziz bin Saud bin Naif, saudi interior minister, and President of Kazakhstan Nursultan Nazarbayev (R). Astana, 01Nov2018.
Kazakhstan - Prince Abdulaziz bin Saud bin Naif, saudi interior minister, and President of Kazakhstan Nursultan Nazarbayev (R). Astana, 01Nov2018.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада Сауд Арабиясының ішкі істер министрі Әбдел Әзиз бен Сауд бен Наифпен кездесіп, Эр-Риядты Қазақстанның "ислам әлеміндегі маңызды әрі сенімді серігі" деп атады.

Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Назарбаев Әбдел Әзиз бен Сауд бен Наифке Астананың Эр-Риядпен саяси және экономикалық байланыстарды нығайтқысы келетінін айтты. Президент король Салман ибн Абдул-Әзиз әл-Саудты және тақ мұрагерін Қазақстанға сапарлап қайтуға шақырды.

Ақорда хабарламасында Қазақстан президенті мен Сауд Арабиясы министрінің кездесуінде оппозициялық журналист Жамал Хашоггидің өлімі туралы әңгіме қозғалғаны, я қозғалмағаны айтылмады.

Washington Post басылымының шолушысы, Сауд Арабиясының оппозициялық журналисі Жамал Хашогги 2 қазан күні Сауд Арабиясының Стамбулдағы консулдығына құжаттарын рәсімдеуге кіріп, қайтып шықпаған.

Басында Эр-Рияд Жамал Хашоггидің жоғалуына қатысы жоғын айтқанымен, екі аптадан соң журналистің арнайы қызметтің "рұқсат берілмеген операциясы барысында" қаза тапқанын мәлімдеген еді. Кейін Сауд Арабиясының прокуроры журналистің қасақана өлтірілгенін мойындаған.

Сауд Арабиясы билігі бұл іске қатысы бар деп 18 адамды тұтқындады және Хашоггидің туыстарына көңіл айтты. Тақ мұрагерінің жоғары шенді бес кеңесшісі қызметтерінен босатылды.

АҚШ пен Еуропа елдері Сауд Арабиясы билігінің Хашоггидің өліміне қатысты мәлімдемелеріне сенбейді және журналисті өлтіруге тапсырыс бергендердің король әулетімен байланысы бар болуы мүмкін деп күдіктенеді. АҚШ Хашоггидің өліміне байланысты "Магнитский заңы" аясында Сауд Арабиясына қарсы санкция салуды қарастырып жатыр.

XS
SM
MD
LG