Ссылки доступа

ЕҚЫҰ: Аймақтағы журналистер қысымға жиі ұшырайды


Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) баспасөз еркіндігі жөніндегі өкілі Арлем Дезирдің сөзінше, Орталық Азия журналистері жиі қысымға ұшырайды. Бұл туралы Арлем Дезир Астанада бүгін басталған БАҚ жөніндегі XX Орталық Азия медиа-конференциясында мәлімдеген.

- Аймақтағы журналистердің белгілі бір қысым астында жұмыс істейтіні байқалады. Оларға, әсіресе, биліктен ақпарат алу қиын. Журналистер саяси мәселелерді, жемқорлық пен жекелеген пікірлерді хабарлауға сескенеді. Егер, жариялай қалса қысымға ұшырауы мүмкін. Сот процестері кезінде журналистерге әділетсіз шешім шығатыны, негізсіз айыппұл салынып, тіпті, қамауға да алынатынын да байқаймыз, - деді жиында сөйлеген Арлем Дезир.

Алайда Қазақстанның Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев бұл пікірмен келіспейтінін байқатты. Журналистердің сөз бостандығына қатысты сұрағына министр "жекелеген жағдайлар болуы мүмкін, бірақ сіздерге пікір білдіргенімнің өзі сөз бостандығының индикаторы емес пе?" деп жауап берді.

Екі күнге созылған жиынның тақырыбы – "Журналистика болашағы". Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Моңғолиядан өкілдер келді. Жиында фейк ақпаратпен күрес, сапалы ақпарат мәселесінен өзге Қазақстандағы сөз бостандығы 2010 жылғы Астана саммитінен соң қалай өзгергені талқыланып жатыр.

XS
SM
MD
LG