Ссылки доступа

Украинаны қолдаған Батыс елдері Ресейді теңізшілерді босатуға шақырды


Қара теңіздің Мәскеу бақылауындағы Қырым түбегі жағалауында Ресей украин кемелерін атқылап, 23 теңізшіні тұтқынға алған соң, Батыс елдері Киевке қолдау көрсетті.

БҰҰ ғимаратында 26 қарашада жасалған мәлімдемелерінде Батыс Ресей әрекетін сынап, бұл әрекетті Украина суверенитетін және халықаралық келісімдерді өрескел бұзу деп атады. Батыс елдері Мәскеуді тұтқындағы теңізшілерді босатуға шақырды. Олардың алтауы өткен жексенбідегі атыс кезінде жараланған.

"Құрама Штаттар Ресейдің мұндай агрессивті қадамын айыптайды", - деп мәлімдеді АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео. Помпео жанжалдасушы тараптар халықаралық міндеттерін орындауы тиіс екенін атап өтті.

АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Никки Хейли "АҚШ Ресей агрессиясына қарсы украин халқын қолдай беретінін" мәлімдеді.

Ұлыбританияның БҰҰ-дағы елшісінің орынбасары Джонатан Алленнің мәлімдеуінше, Ресей Украинаға қарсы осы әрекеттері арқылы Батысқа сес көрсетіп отыр. "Ресей Қырымның заңсыз аннексиясын бекіте түсіп, Азов теңізін аннексиялағысы келеді. Ресей бұл жағдайды халықаралық қауымдастық үнсіз қабылдай салады деп үміттенсе керек. Бұлай бола қоймас", - деді Аллен.

Бұның алдында Украина парламенті президент Петр Порошенконың елде әскери жағдай енгізу ұсынысын қабылдады. 28 қарашада басталған әскери жағдай отыз күнге созылады.

XS
SM
MD
LG