Ссылки доступа

Украина аумағына бір тәулікте 80 ресейлік жіберілмеген


Ресей-Украина шекарасы
Ресей-Украина шекарасы

Соңғы күндері 80-ге жуық Ресей азаматы Украина территориясына жіберілмеген. Киев әуежайында оларға кіруге рұқсат бермеген. Бұл жөнінде Украинаның мемлекеттік шекара қызметі хабарлады.

Осыған дейін Минскіден Киевке ұшып келген 47 Ресей азаматының кері қайтарылғаны жөнінде хабарланған.

Херсон облысының басшысы Андрей Гордеев 27 қарашадан бастап аннексияланған Қырымдағы ресейлік азаматтарға елге кіруге шектеу қойылды деп мәлімдеген.

Бірақ Украина шекарашылары бұл шектеуді елге әскери жағдайдың енуімен байланыстырмайды. Олар елге кіргізілмеген Ресей азаматтары келу мақсаттарын нақты айта алмады дейді.

Украина президентінің 30 күнге әскери жағдай енгізу жөніндегі ұсынысын Жоғарғы Рада қабылдаған.

Әскери жағдай Украинаның Ресеймен шектесетін 10 облысына таралады. Әскери жағдайдың енгізілуіне Ресейдің Қара теңізде украин теңізшілері мен кемелеріне оқ атып, оларды ұстауы себеп болған.

XS
SM
MD
LG