Ссылки доступа

Грузияда президент сайлауының екінші туры өтіп жатыр


Грузияда президент сайлауының екінші турына екі үміткер қатысып жатыр.

Билік басындағы "Грузия арманы" партиясының үміткері Саломе Зурабишвили және оппозициялық "Күш - бірлікте" бірлістігінің үміткері, бұрынғы "Біртұтас ұлттық қозғалыс" партиясының өкілі Григол Вашадзе екінші турға шыққан.

Ел тарихында алғаш рет мемлекет басшысы екінші турда анықталғалы отыр. Азаматтар елдің бесінші президентін анықтайды. Ол алты жылға сайланады (осы жолы ғана). Халық соңғы мәрте тікелей дауыс беруге қатысады, болашақта мемлекет басшысын 300 делегаттан тұратын салаушылар алқасы - парламент мүшелері және жергілікті өзін-өзі басқару органының өкілдері тағайындайды.

28 қазанда өткен президент сайлауында 25 үміткердің ешқайсысы сайлаушылардың 50 пайыз дауысына ие бола алмады. Зурабишвили (38,6 пайыз) бен Вашадзе (36,7 пайыз) үздік нәтиже көрсетті.

Орталық сайлау комиссиясының ақпараты бойынша, бүгін, 28 қарашада, сағат 8:00-де 3703 сайлау учаскелері, соның ішінде 30-дан астам шетелде 55 учаске ашылды. Сайлауға 3 миллион 528 мың 658 сайлаушы қатыса алады.

Екінші турда 50 пайыздық меже болмайды, ең көп дауыс жинаған үміткер жеңімпаз атанады. Бүгін Грузияда демалыс, шетелдегі сайлау учаскелері жергілікті уақытпен сағат 0:00-ге дейін ашық тұрады.

Сайлауды 1300 халықаралық бақылаушы, 17 мыңға жуық сайлау субъектілерінің өкілдері және 48 мыңнан астам жергілікті бақылаушы бақылайды. Олар мониторингтің алғашқы нәтижелерін 29 қарашада хабарлайды.

Сайланған президентті ұлықтау рәсімі 16 желтоқсанда өтеді. Жаңа президент ант қабылдаған уақыттан бастап қазіргі мемлекет басшысы Георгий Маргвелашвили қызметі аяқталады.

XS
SM
MD
LG