Ссылки доступа

Астанадағы келіссөзде Сириядағы жағдай талқыланды


Астанада басталған Сирия бейбіт келіссөзінің алғашқы күнінде келіссөзге қатысушылар Сириядағы қазіргі жағдайды талқылады. 28 қарашада басталған келіссөз алғашқы күні жабық өтті.

11-рет өтіп жатқан келіссөзге кепіл елдер Ресей, Түркия және Иран делегациялары, сонымен қатар БҰҰ бас хатшысының Сирия бойынша арнайы елшісі Стаффан де Мистура, Сирия қарулы оппозициясы атынан бригада генералы Ахмад әл-Тома бастаған делегация және Сирия үкіметінен Башар әл-Джафари бастаған делегация қатысы жатыр.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі таратқан ақпарат бойынша, келіссөзде Сирияның кейбір аймақтарындағы, оның ішінде Идлиб провинциясындағы жағдай, Сириядағы қақтығысты біржолата реттеу және Сирия жөніндегі конституциялық комитетті тездетіп құрып, құрамын белгілеу жайы талқыланды.

Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов келіссөз аясында Сирия үкіметі делегациясының басшысы, Сирияның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Башар әл-Джафаримен, сосын Сирия қарулы оппозициясы делегациясының жетекшісі Ахмад әл-Томамен кездесті.

Башар әл-Джафари мен Ахмад әл-Тома кездесуде Қазақстан билігіне келіссөз өткізуге орын ұсынғанына алғыс білдірді.

Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Қайрат Әбдірахманов кездесуде Сирияға гуманитарлық көмекті кедергісіз жеткізу, соғысып жатқан тараптар арасында сенім шараларын нығайту, тұтқындар мен кепілге алынғандарды алмастыруды жеделдету және қақтығыс аймағында қалып қойған шетел азаматтарын эвакуациялау жолдарын қарастыру қажетін айтты.

Сирия бейбіт келіссөзі 29 қараша күні де жалғасады.

XS
SM
MD
LG