Ссылки доступа

Өзбекстанда жол инспекторлары жүргізушіні жабылып ұрып өлтірген


Өзбекстанның Наманган облысы Гурумсарой ауылының 53 жастағы тұрғыны Бахром Асадуллаевты жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі инстекторлар жабылып ұрып өлтірген.

Марқұмның туыстарының айтуынша, 27 қарашада түнде жол инспекторлары шағын автобус жүргізіп келе жатқан Асадуллаевты тоқтатқан. Бірақ ол инстектор талаптарын тыңдамай өтіп кеткен. Инспекторлар оны қуып жетіп, жабылып ұрған, сосын ауруханаға алып барған.

Ауруханадағы алғашқы медициналық тексеру марқұм жүрек талмасынан өлгенін көрсеткен. Бірақ келесі күні марқұмның денесіндегі көптеген көгерген іздерді көрген туыстары қайта тексеру жүргізілуін талап еткен. Сараптама жасалды.

Марқұмның бауыры Жамолиддин Асадуллаев Бахромды төрт инспектор жабылып ұрып өлтірді дейді.

"Ол ауруханаға жетпей жатып жантәсілім еткен. Ағамды жедел жәрдемге жеткізгенде, дәрігер оның 15 минут бұрын үзілгенін айтқан", - деді Жамолиддин.

Бахромның туыстары оның киімінің сау жері қалмағанын айтып отыр.

Екінші сараптама қорытындысы әлі белгісіз. Жол инспекторларына қатысты қызметтік тексеру басталған.

XS
SM
MD
LG