Ссылки доступа

Эмомали Рахмон ұлттық әуе тасымалдаушы қызметін тексеруді бұйырған


Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон кезекті үкімет отырысында ұлттық «Тәжік Эйр» компаниясының қызметін сынға алып, оны тексеруді бұйырған.

Мемлекет басшысы ұлттық тасымалдаушы қызметінің үш кемшілігін атап өтіп, еліндегі ең ірі жолаушылар ұшағы «Боинг 767-332» лайнері жайында сөз еткен. Бұл жөнінде үкіметтегі үш бірдей дереккөз хабарлайды. Олардың айтуынша, үкімет отырысына «Тәжік Эйр» ұлттық компаниясының басшысы Хайрулло Рахимов та қатысқан.

Тәжікстан президенті ұшақтың билет құны өзінің бағасынан екі есе қымбат деген сөздер желдей есіп жүр деп, коррупцияға қарсы агенттікке тексеруді тапсырған. «Тәжік Эйр» «Боинг 767 -332» ұшағын 2016 жылдың желтоқсан айында сатып алған. Осыған дейін лайнер америкалық «Дельте» компаниясына, кейін нигериялық «Кабо эйр» компаниясына тиесілі болған. Ұшақ 1987 жылы шығарылған.

Эмомали Рахмон ұлттық әуе компания қызметкерлерінің үш айдан бері жалақы ала алмай отырғанын, әуежайды пайдаланғаны үшін ақша төлемей отырғанын да білетінін жеткізген.

Тәжікстандағы жалғыз ұлттық әуе компаниясы рейстің үнемі кешігетіні үшін, қызмет көрсету сапасының нашарлығы үшін үнемі сынға алынып келеді. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес «Тәжік Эйр» компаниясы жекеменшікке өтіп, ескірген 21 ұшағы сатылымға қойылу керек болған.

XS
SM
MD
LG