Ссылки доступа

Усманов қылмыс әлемімен байланысы жөніндегі мақаланы алып тастауды талап етіп жатыр


Миллиардер Алишер Усманов қылмыс әлемінің белсендісі Захарий Калашовпен (Шакро Молодой) байланысы бар туралы үш мақаланы интернеттен алып тастауды талап етіп, Мәскеудің Басман сотына шағымданған.

Бұл жөнінде РБК-ға сот өкілі хабарлаған. Усманов мақала жарық көрген Russian Criminal сайтынан моральдық өтемақы үшін 50 мың рубль талап етіп жатыр екен.

Арызда "Алишер Усманов. Статус: авторитет", "Алишер Усманов в деле Шакро" және "О связях Усманова с ОПГ" деген мақалалар айтылған. Миллиардердің жазуынша, бұл мақалалар шындыққа сәйкес келмейді, оның ары мен абыройына нұқсан келтіреді.

Олигарх Роскомнадзордан да интернеттегі аталған мақалаларды алып тастауды талап етеді.

Биыл наурыз айының аяғында Мәскеу соты Захарий Калашовты тоғыз жылға бас бостандығынан айырған. Оны екі оқиға бойынша бопсалады деп айыптайды. Бірі – Elements кафесінің иесі Жанна Кимге, екіншісі – "Норднефтегаз" директоры Лев Гарамовқа қатысты. Калашов кәсіпкерлерден он миллион рубль талап еткен.

2017 жылдың мамыр айында Усманов Коррупциямен күрес қорының негізін қалаушы Алексей Навальныйды да сотқа берген. Саясаткер миллиардерді Рублевкадағы жер телімін Ресей премьер-министр Дмитрий Медведевке заңсыз жасап берген деп айыптаған. Сот Навальныйдың Усманов жөніндегі фильмді интернеттен алып тастау жөнінде шешім шығарған. Бірақ Мәскеу қалалық соты кейін шешімді жұмсартып, тек кейбір кадрлерді алып тастауды міндеттеген.

XS
SM
MD
LG