Ссылки доступа

Түркіменбашы отбасы Берлиндегі құрылысқа миллиондаған инвестиция құйған


Сын и вдова бывшего президента Сапамурада Ниязова Мурад и Муза
Сын и вдова бывшего президента Сапамурада Ниязова Мурад и Муза

Der Tagesspiegel газеті қараша айының аяғында Түркіменстанның бұрынғы президенті Сапармұрад Ниязов отбасы туралы материал жариялады.

"Бұрынғы түркімен деспоты Ниязовтың отбасы мүшелерінің Trockland Group (Берлиндегі ірі девелопер компаниясы - ред.) компанияларында үлкесі бар. Олар әйгілі Чекпойнт Чарли маңында құрылыс жүргізбек", деп жазды 28 қарашада Der Tagesspiegel газеті.

Чекпойнт Чарли Берлиндегі туристер көп баратын орындардың бірі. Қырғи-қабақ соғыс кезінде мұнда Берлин қабырғасы болған. Қазір бұл жер Германия астанасындағы ең қымбат аудандарының бірі саналады.

Der Tagesspiegel газетінің журналистік зерттеуі бойынша, кезінде өзін "Түркіменбашы" деп жариялаған Сапармұрад Ниязовтың жақын туыстары осы ауданда екі нысан тұрғызғысы келеді. 2006 жылы қайтыс болған түркіменбашы Ниязовтың қызы мен немересі Trockland Group құрамына кіретін компанияларда үлеске иелік етеді. Ал Ниязовтың күйеу баласы Владимир Сколов - Trockland Group вице-президенті, компанияның миллиондаған инвестициясына жауап береді.

Түркіменбашының жесірі Муза Ниязова Trockland Group құрамындағы "Trockland XI Charlie GmbH" фирмасының акцияларына иелік етеді. Бұл акцияларды ол күйеу баласы Владимир Соколовтан алған. Дәл осы фирма Берлиндегі Чекпойнт Чарли ауданына салынатын инвестицияны игеруді жоспарласа керек. Муза Ниязованың "Paragon Appartements" фирмасында да үлесі болған. Бұл компания Берлинде Данцингер Штрассе көшесінде тұрғын үй кешенін салған. Кейін ол бұл компанияны сатып жіберді.

Trockland Group компаниясына түркіменбашының қызы мен немересінің де қатысы бар. Бұрынғы диктатордың қызы, Соколовтың әйелі Иринаның Trockland VII Herzbergstraße фирмасында үлесі бар. Оны Ирина анасынан сыйлық ретінде алған. Газет мәліметі бойынша, Владимир және Ирина Соколовтар қыздарымен бірге Лондонда тіркелген. Ниязовтың немересі Екатеринаның да Trockland VI Klosterstrasse 62 фирмасында үлесі бар. Бұл фирма да Trockland Group компаниясына кіреді.

​Der Tagesspiegel газетінің Ресейдегі дереккөздеріне сүйеніп хабарлауынша, Муза Ниязова түркіменбашы қазасына дейін онымен ресми түрде ажырасқан. Ниязов төңірегіндегі адамдардың Азатлык радиосына берген мәліметіне қарағанда, түркіменбашы президент болған алғашқы жылдары Муза Ниязова Мәскеуге көшіп кеткен, содан бері Ашхабадқа өте сирек барған.

XS
SM
MD
LG