Баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс орталығы Түркістан қаласынан Өзбекстан астанасы Ташкентке автобус алғаш рет қатынап отыр. Жаңа бағыт екі ел арасындағы сауда-экономикалық және туристік қатынастарды нығайту мақсатында ашылды. Автобус бағытын қазақстандық "Бақдәулет Сервис" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен өзбекстандық "Узавтотранс" мекемесі жүргізеді.
"Бағыттың жалпы қашықтығы - 335 шақырым. Автобус жолда 6 сағат 40 минут жүреді. Екі бағытта күнделікті екі автобус қатынайды. Автобус бағыты жолаушыларды Түркістанның "Алтын Орда" автобекетінен Ташкент қаласының "Ташкент" автобекетіне жеткізеді. Жол ақысы Түркістаннан 2 мың теңге, Ташкенттен 50 мың сом. Автобус екі елдің шекара бекеттерінен кедергісіз өтеді" делінген хабарламада.
Қарашаның 15-і күні Шымкентте алғаш рет екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамытуға бағытталған өңіраралық ынтымақтастық форумы өткен.