Ссылки доступа

Ақтауда жарылыс болып, екі адам қаза тапты


Ақтауда 11 желтоқсан күні кешке Өндірістік аймақ-2 көшесіндегі металл қабылдайтын база аумағында жарылыс болып, екі адам қаза тапты, үш адам жараланды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Комитет таратқан ақпаратқа қарағанда, базада жарылыс неден болғаны әзірге белгісіз. Жарылыс болған орынды полиция қоршап, саперлер оқиға орнын тінтіген кезде танкіде жаттығу мақсатында қолданылатын 11 снаряд табылған. Болжам бойынша, снарядтар өздігінен жарылып кеткен болуы мүмкін.

Ақтауда металл қабылдайтын пункте болған жарылысты әскери тергеушілер тексеріп жатыр. Бұл туралы 12 желтоқсанда Астанада журналистерге ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов хабарлады. Ол пункте жарылыс неден болғаны анықталып жатқанын және "снаряд немесе граната жарылған" деген ақпаратты растамайтынынын айтты.

Министрдің сөзінше, полиция пунктке металды төрт адам "Газель" көлігімен алып келгенін анықтаған. "Ол металл жинаушылар еш жерде тіркелмеген, даладан алты қап металл жинап, пунктке алып барған. Ол пункте те тіркелмеген, орынды жалға алған. Металл тапсырып жатқан кезде жарылыс болып, оны қабылдаушы мен тапсырушы адам қаза тапқан. Үш адам жараланған, олардың біріне көмек көрсетіліп, екеуі ауруханаға жатқызылды" деді Қасымов.

Министрдің айтуынша, пунктке әкелінген әлдебір зат жарылған болуы мүмкін немесе көліктен жүкті түсіру кезінде металл кесетін құрылғы іске қосылып кеткендіктен жарылыс болуы ықтимал.

XS
SM
MD
LG