Ссылки доступа

Алматыда тағы бірнеше белсенді ұсталды


17 желтоқсанда Алматы қаласында тағы бірнеше азаматтық белсенді ұсталып, полиция бөлімшелеріне жеткізілгені туралы хабарланды.

Facebook әлеуметтік желісінде адам құқығын қорғаушы Бақытжан Төреғожина, белсенді Ринат Рафкат және адвокат Гүлнара Жуаспаева қоғамдық белсенді Ерлан Қалиев, "Дат" жобасының жетекшісі Ермұрат Бапи, белсенділер Сүйіндік Алдабергенов, Геройхан Қыстаубаев және тағы да бірнеше азаматтың ұсталғанын хабарлады. Оларды полицияның не себепті ұстағаны айтылмайды.

Алайда Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының тергеу бөлімінің басшысы Ержан Сәрсембаев түскі 12 жарымда Азаттық тілшісіне "ондай азаматтардың ұсталмағанын айтып", тағы анықтап көретінін айтып, кейінірек хабарласуды өтінді.

16 желтоқсанда Алматыда полиция оннан астам адамды бірнеше сағатқа ұстап, босатқан. Ұсталған азаматтар полицейлердің үйден шыққан бетте ұстап, ішкі істер бөлімдеріне жеткізілгенін айтты. Полиция қызметкерлері олардан елде сот шешімімен тыйым салынған қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы жайлы сұраған. Әблязов соңғы рет әлеуметтік желідегі парақшасында 16 желтоқсанда жақтастарын алаңға шығуға шақырған. Кейбір ұсталғандар жексенбі күні полиция қызметкерлерінің смартфондарын алып, ондағы материалдардың мазмұнын зерттегенін хабарлады.

16 желтоқсанда Оралда полиция тәуелсіз "Уральская неделя" басылымының екі тілшісін ұстап босатқан. Оларға ресми түрде ұстау себебін түсіндірмеген.

XS
SM
MD
LG