Ссылки доступа

АҚШ Фетхуллах Гүленді Түркияға экстрадициялауы мүмкін


Фетхуллах Гюлен
Фетхуллах Гюлен

АҚШ президенті Дональд Трамп қоғамдық белсенді Фетхуллах Гүлен мен оның бірқатар жақтасын экстрадициялауға Вашингтон әрекеттеніп жатқанын түрік әріптесі Реджеп Ердоғанға айтқан. Түркия билігі Гүленді 2016 жылы елде мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынды деп айыптап отыр.

Бұл әңгіме екі апта бұрын Аргентинада "Үлкен жиырмалық" саммитінде көтерілген, деп хабарлады Reuters агенттігіне Түркия сыртқы істер министрлігі Мевлют Чавушоглу.

Анкара шамамен жиырма жылға жуық уақыт АҚШ-та тұратын Гүленді экстрадициялауды біраздан бері талап етіп келеді. Ердоғанның саяси бақталасы саналатын Гүлен "бүлікті ұйымдастырған" деген айыпты жоққа шығарған. АҚШ дәлелдің жеткіліксіздігіне байланысты оны Түркия билігіне ұстап беруден бас тартып отыр.

Бұған дейін Трамп Анкараның оппозициялық журналист Жамал Хашоггидің Стамбулда өлтірілуіне байланысты Сауд Арабиясына дипломатиялық қысымын тежеу үшін Гүленді Түркияға беру мәселесін қарастырмайтынын мәлімдеген.

АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының мүшесі Билл Паскреллдің пікірінше, Гүленді Түркияға беру төңірегіндегі әңгімелер "Трамптың дикторларға жақтас екенін" білдіреді. "АҚШ-та тұрақты мекені болған кісінің өлтірілуіне тирандық сауд монархиясының қатысы барын білдірмеуге тырысқан Трамптың әрекетінде Гүлен пешкі болуға лайықты емес", - деп мәлімдеді конгрессмен.

XS
SM
MD
LG