Ссылки доступа

Қырғызстанда қымбат пансионатты тартып алған қылмыстық топ мүшесі ұсталды


Қырғыз милициясы аса ірі көлемде алаяқтық жасаған деген күдікпен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесін ұстады.

Қырғызстан ІІМ-нің хабарлауынша, Бішкек тұрғыны милицияға арызданып, Ыстықкөлде құны 350 мың доллар тұратын пансионатын С. М. есімді азамат тартып алғанын айтқан.

Тергеу нұсқасы бойынша, арызданушы мен ұсталған күдікті бұған дейін кәсіпті бірге жүргізіп келген. 2010 жылы С. М. арызданушыға бірнеше автокөлік пен 60 мың долларды кәсіп дамытуға берген. Екі жылдан соң ол ақшаны қайтаруын талап етеді. Сол себепті кәсіпкер пансионаттың мемлекеттік сенімхатын ақша талап етушіге берген. Бірақ С. М. оны жақын туысының атына жаздырып алған.

2016 жылы кәсіпкер қарыздан құтылу үшін оған 125 мың доллар тұратын пәтерін берген. Бірақ оның әріптесі пансионатты сатып жіберген болып шықты. Осылайша ол кәсіпкерге 350 мың доллар шығын әкелген.

Ұсталған уақытта күдікті құны 100 мың доллар тұратын 2018 жылғы Лексус LX 570 автокөлігімен жүрген, деп хабарлады ІІМ.

Милиция мәліметі бойынша, ұсталған азамат 1973 жылы туған, бұған дейін "бопсалау" қылмысы үшін сотты болған. Оның криминалдық ортада "положенец" мәртебесі бар, аса ауыр қылмысы үшін 30 жылға сотталған криминалдық дөкейдің жақын туысы.

XS
SM
MD
LG