Ссылки доступа

Тәжікстанда пәктігі жоқ деп айыпталған қыз милиция болуды армандайды


Мастона Атоны күйеуі үйлену тойынан соң пәктігі жоқ деп айыптап, үйінен қуып жіберген. Айыптаулармен келіспеген Мастона өзі секілді қиын жағдайға тап болғандарға көмектесу үшін милиция академиясында оқуды көздеп отыр.

21 жастағы Мастона басына түскен қиыншылықтарға мойымауға бел буды. Енді ол өзі секілді жандарға көмектесу үшін Душанбедегі милиция академиясына оқуға түсуді армандайды. Мастонаның әкесі Асомиддин Жалолов қызының оқуына ақша жинап беруге уәде берген.

Мастонаның айтуынша, күйеуі оны пәктігі жоқ деп негізсіз айыптаған. Қыздың әкесі Жалолов 16 мекемеге арызданғанымен, одан ешқандай нәтиже шықпаған."Мен енді жыламаймын, тұрмысқа да шықпаймын. Мен милиция қызметкері болып, басқа әйелдерге көмектескім келеді", - деді Мастона.

Мастона үйлену тойына дейін пәктігі ашылмаған қыз болғанын айтқанымен, күйеуі оған сенбеген. Алғашқы төсек қатынасынан соң күйеуі оны ұрып, бұған дейін кіммен болғанын айтуды талап еткен, үйінен қуып жіберген. Сол күні Мастонаның ата-анасы қызды Душанбедегі Ұлттық сот медициналық орталығына алып барған. Дәрігерлер Мастонаның үйлену тойына дейін пәктігі сақталған қыз болғанын растаған.

Тәжікстанда некеге тұратын жастар міндетті түрде медициналық тексеруден өтуі тиіс. "Қыз пәктігін тексеру сынағынан" өту әркімнің өз еркінде, бірақ қалыңдықтардың көбі бұл тексеруден күйеуінің талабымен өтеді.

БҰҰ қыз пәктігін тексеру сынағын енгізген мемлекеттерді одан бас тартуға шақырды.

XS
SM
MD
LG