Ссылки доступа

"Шекарасыз тілшілер": 2018 жылы әлемде 80 журналист қаза тапты


2018 жылдың басынан бері әлемдеп кем дегенде 80 журналист кәсіби қызметіне байланысты қаза тапқан. Бұл тізімді сейсенбі күні "Шекарасыз тілшілер" халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымы жариялады.

Қаралы тізімдегі журналистердің дені бес мемлекетте қаза тапқан - Ауғанстан (15 адам), Сирия (11), Мексика (9), Йемен (8) және Үндістан (6). Адам құқықтарын қорғаушылар бұл елдердің ішіндегі Мексикада әскери қақтығыс болып жатпаса да, осыншама көп журналист өлгенін атап өтті. Биыл жанжал аймақтарында 44 журналист қаза тапқан.

Қазіргі таңда әлемде 348 журналист қамауда отыр. Журналистерді қорғау халықаралық комитетінің мәліметі бойынша, үшінші жыл қатарынан әлемде 250-ден астам журналист кәсіби қызметіне байланысты мемлекеттік түрмелерде отыр.

Америкалық Time журналы биыл "Жыл адамы" ретінде журналистер тобын атады. Олардың ішінде Стамбулда өлтірілген сауд журналисі Жамал Хашогги, Мьянмада ұсталған Reuters журналистері, The Сapital Gazette газетінің шабуылға ұшыраған ұжымы, қылмыстық қудалауға ұшыраған филлипин Мария Ресса, "Эхо Москвы" радиосының шабуылды басынан өткерген қызметкері Татьяна Фельгенгауэр және басқа да журналистер бар.

XS
SM
MD
LG