Ссылки доступа

Өзбекстанда жас келіншек наразылық ретінде өзін өртеді


14 желтоқсанда Өзбекстанның Ташкент облысы Қибрай ауданы әкімдігінің ғимаратында жас келіншек наразылық ретінде өзін өртеген. Жергілікті билік ол өзін емес, ғимаратқа өрт қойғысы келген деп отыр.

29 жастағы Нозима Эргашеваның айтуынша, аудандық әкімшіліктегі наразылықты ол алдын ала жоспарлаған. Жергілікті билік оны тыңдаудан бас тартқан соң, келіншек осындай қадамға барған.

"Мені әкімнің әйелдер ісі жөніндегі орынбасары қабылдады. Маған көмектесудің орнына, олар менімен қатал сөйлесті. Сол кезде мен: "Сендер біздің арызымызды тыңдамайсыңдар, онда мен наразылық ретінде өзімді өртеймін", - дедім. Сөмкемде оттық пен бөтелкеге құйылған жанармай бар еді. Мен оны қолыма құйып, от қойдым. Ол жана бастағанда, бөтелке қолымнан түсіп кетіп, еден жана бастады. Мен аяғыммен отты басқанда, оттық жарылып кетті. Мен есімнен танып қалдым", - деді Нозима Эргашева.

Оқиға куәгерінің айтуынша, Нозимаға жедел медициналық жәрдем шақыртылған. Оның қолы күйіп қалған.

15 желтоқсанда Қибрай аудандық әкімдігінің жетекші маманы Холмурод Раббанаевтың айтуынша, келіншек өзін емес, мәжіліс залын өртегісі келген. Шенеунік оның бұл әрекетін газға қарызды төлегісі келмегендігімен байланыстырды.

Нозима табиғи газға қарызы 7 миллион 200 мың сум (шамамен 870 доллар) болғанын растады. Бірақ ол сол күні әкімшілікке материалдық көмек сұрап барғанын айтты.

XS
SM
MD
LG