Ссылки доступа

АҚШ Сириядан әскерін шығара бастады


Сириядағы АҚШ әскерилері
Сириядағы АҚШ әскерилері

Құрама Штаттар Сириядан әскерін шығара бастағанын ресми мәлімдеді. Бұл жөнінде Ақ үй өкілі Сара Сандерс мәлімдеді.

Reuters агенттігінің жазуынша, Сириядағы АҚШ мемлекеттік департамент өкілдерін бір тәуліктің ішінде алып шығады. Агенттік мәліметінше, Вашингтон 60-100 күн аралығында әскерін толық шығарады. Аймақта екі мыңнан астам америкалық сарбаз бар.

Сәрсенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter-де "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының күйрегенін, "АҚШ әскерінің Сирияда қалуының жалғыз себебі ИМ-ді жеңу болғанын" жазған.

Bloomberg басылымы да Вашингтондағы ресми дереккөзге сүйеніп, Сириядан әскерді шығару жөнінде жарлыққа қол қойылғанын жазады.

Соңғы уақытқа дейін АҚШ Сириядағы ИМ-мен және өзге де террористік ұйымдармен соғысқан күрд бөлімшесіне көмек көрсетіп келген.

"Ислам мемлекеті" 2013 жылы Сирия мен Ирак аумағында құрылған экстремистік топ. Бірнеше жыл бойы екі ел аумағының негізгі бөлігін басып алып, халифат орнатпақ болған. 2018 жылдан бастап ИМ құлдырай бастады. Қазақстанда террористік ұйым деп танылған.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегінше, 800-ге жуық қазақстандық Сирияға кетіп, "Ислам мемлекеті" тобының сапында соғысқан.

XS
SM
MD
LG