Ссылки доступа

Жээнбеков: Конституцияны өзгертуге қажеттілік жоқ


Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков ел конституциясы өзгертілмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы президент 21 желтоқсан күні Жогорку Кеңештің құрылғанына 80 жыл толуына орай өткен шарада айтты.

Сооронбай Жээнбеков Қырғызстанның парламенттік басқару жолын таңдағанын және қоғамдағы барлық маңызды мәселе парламентте көтерілетінін, оппозиция мен азаматтық қоғамның үні Жогорку Кеңеш арқылы естілетінін айтты.

"Парламенттің атына сын айтылып жатыр. Бұл - қалыпты жағдай. Қазір конституцияны өзгерту, сайлау туралы заңнаманы түзету және құрылтай институтын енгізу мәселелері көтеріліп жатыр. Конституция 25 жылда 10 рет өзгертілді. Оны 2020 жылға дейін мүлдем өзгертпеуге дауыс та берілген. Бірақ осыған қарамастан, 2016 жылы оны тағы да өзгертті. Сондықтан, халықтың қалауын ескеріп, конституцияны 2020 жылға дейін өзгертуге қажеттілік жоқ деп санаймын. Мәселе конституцияда емес, заңды құрметтеуде. Қазір экономикалық даму, сыбайлас жемқорлықпен күрес сияқты басқа маңызды мәселелер алда тұр" деді Жээнбеков.

Бішкекте Қырғызстан парламентінің құрылғанына 80 жыл толғанына арналған ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр. "Ала-Арча" резиденциясындағы шараға президенттен өзге Жогорку Кеңештің қазіргі және бұрынғы депутаттары қатысып жатыр.

XS
SM
MD
LG