Ссылки доступа

Қырғызстанның қаржылық барлау қызметі банк клиенттері туралы мәлімет талап еткен (видео)


Қырғызстанның қаржылық барлау қызметі елдегі коммерциялық банктерден барлық клиенттердің есеп шоты мен ұяшықтары жөнінде мәлімет сұраған. Барлық банктерге жіберілген құпия сұрау интернетке жарияланып кетті.

Бұл Қырғызстанда банк тарапынан және банк клиенттері тарапынан наразылық туғызды. Қаржылық барлау қызметінің сұрауынан бұрын Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Қырғызстанның экс-вице-премьер-министрі Дүйшенбек Зилалиевтің "Оптима Банктегі" ұяшығындағы ақшасын тәркілеп жатқаны жөніндегі видео жарияланған.

Кейін банк бұл видео бір жыл бұрын түсірілгенін, Зилалиевтің ұяшықты жалдау мерзімі өтіп кеткендіктен, оны бұзып, клиенттің өзіне табыстағанын мәлімдеді (бұл ақпаратты арнайы қызмет растаған).

Эксперттер мемлекеттік органдардың сұрау салуы банк құпиясы жөніндегі заңға қайшы келеді деп есептейді.

"Қаржылық барлау қызметі негізінен экстремизмге қарсы күрес заңын алға тартады. Егер олар күдікті адам бойынша сұрау салса, банктер ешқашан бас тартпайды. Бірақ бұл жолы Қырғызстанның барлық азаматтарына қатысты болып отыр. Бұл – абсурд. Сонда қаржылық барлау қызметі үшін Қырғызстанның барлық азаматтары күдікті болып саналады", - дейді Қырғызстанның банктер одағының жетекшісі Анвар Абдраев.

Қырғызстанда 20-дан астам коммерциялық банк жұмыс істейді. Олардың жетекшілері Қырғыз президентінің атына хат жазып, қаржылық барлау қызметінің сұрауы заңсыз екенін жеткізген. Қырғызстанның ұлттық банкі де коммерциялық банктердің ұстанымын қолдап, бұл клиенттердің депозиттерін жаппай шығаруына, екінші дәрежелі банктердің құлдырауына әкеледі деп ескертеді.

XS
SM
MD
LG