Ссылки доступа

БАҚ: АҚШ сарбаздарын Сириядан шығару туралы жарлық қабылданды


Иллюстративное фото

АҚШ сарбаздарын Сириядан шығару туралы жарлыққа қол қойылды. Бұл туралы CNN Қорғаныс министрлігіндегі дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады. Құжатқа отставкаға кетар алдында қорғаныс министрі Джеймс Мэттис қол қойған.

Жарлықта америкалық сарбаздарды Сириядан шығару уақыты мен тәртібі нақтыланған. Сарбаздар бірнеше аптадан соң шығарыла бастайды. ​

19 желтоқсанда АҚШ президенті Дональд Трамп алдағы екі айдың көлемінде америкалық сарбаздар Сириядан шығарылатынын жариялаған еді. Бұл қадамды АҚШ одақтастары, Конгрестегілер де сынады. Қорғаныс министрі Джеймс Мэттис отставкаға кетті.

Ақ үй өкілінің мәлімдеуінше, Дональд Трамп шешімін өзгертпейді. "Президент АҚШ-тың ұзақ уақыт Сирияда қалуын қаламайтынын әуелден-ақ айтқан. Екі жылға созылған жұмыстың нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар", - деді ол.

Франция президенті Эммануэль Макрон Ақ үйдің Сириядан сарбаздарын шығару туралы шешімін өкінішпен қабылдады. "Одақтас болуы - иық тірестіре шайқасу дегенді білдіреді", – деді Макрон.

Сириядағы радикал топтармен күресін АҚШ бастаған халықаралық коалиция 2014 жылы бастады. Коалиция Сирияның демократиялық оппозициясын қолдайды. Аймақта екі мыңнан астам америкалық сарбаз бар.

Бұл уақытта, АҚШ президенті Дональд Трамп жексенбі күні қорғаныс министрінің орынбасары Патрик Шэнаханды Пентагон жетекшісі қызметін атқарушы етіп тағайындады.

XS
SM
MD
LG