Ссылки доступа

Роза Отунбаева Қырғызстан президентінен саясаткер Текебаевқа рақымшылық жасауын сұрады


Экс-президент Роза Отунбаева президент Сооронбай Жээнбековтен парламенттің бұрынғы депутаты Омурбек Текебаевқа рақымшылық жасауын сұрады. Ол Жогорку Кенеш фракцияларының жетекшілерін осы бастамаға қосылуға шақырды.

Жээнбековке үндеуді "Роза Отунбаева бастамасы" қоғамдық қоры таратты.

Отунбаеваның айтуынша, "Амнистиялау мен рақымшылық жасаудың жалпы негіздері туралы" заң өз кінәсін мойындау мен жасаған ісіне өкініш білдіруді қарастырмайды. Экс-президент мемлекет басшысына рақымшылық беру үшін жазасын өтеушінің жеке өтініші қажет еместігін атап өтті.

Заң баптарына сүйенген Отунбаева президент сотталған азаматтың сіңірген еңбектері мен басқа да жағымды әрекеттерін негізге ала отырып, оған рақымшылық жасай алатынын айтты.

Заңның 22 бабы аса қауіпті қылмыс рецидивін жасап, түзу жолға түспегендер де "Жогорку Кенеш депутаттарының арыздануымен немесе ерекше ескеретін жағдайларға орай" рақымшылық ала алатынын анықтаған деді Отунбаева. Сол себепті ол парламент фракцияларының жетекшілерін өтінішті қолдауға шақырды.

Роза Отунбаеваның пікірінше, Текебаевқа қарсы "қолдан жасалған" қылмыстық іс "кінәсіз адамды заңсыз соттаудың аса қатігез прецеденті" ретінде тарихта қалды. "Бұл әділетсіздік әрекет Алмазбек Атамбаев билігінің ақталмас масқарасы ретінде қалды" делінген үндеуде.

Бұған дейін президент Сооронбай Жээнбеков саясаткер Омурбек Текебаев өтінсе, оған рақымшылық жасауға дайын екенін мәлімдеген. Текебаевтың өзі рақымшылық сұрамайтынын айтты.

XS
SM
MD
LG