Ақпаратқа қарағанда, кезекшілікке күндіз әйел мұғалімдер, түнде ер мұғалімдер шығады.
"Маған белгілі болғандай, қазір барлық мектепте осындай кезекшілік бар. Біз 10 желтоқсаннан бастап шыға бастадық. Ер азаматтар кешкі сегізден таңғы сегізге дейін кезекшілік етеді. Күндіз әйелдер шығады",- деді Жызақ облысындағы мұғалімнің бірі.
Облыстағы басқа мұғалімдер де мектеп басшыларының қысымымен, кезекшілік етуге мәжбүр болып жүргендерін айтады.
"Занги ата ауданында білім беру басқармасының өкілдері мұғалімдердің кешкісін мектепке барған-бармағанын өздері келіп, тексеріп кетеді. Кешкісін мектепте күзетші, от жағушы және екі мұғалім болуы керек. Кезекшілікке шықпаған мұғалімнің айлығын қысқартады деп ескертті", - деді жергілікті мұғалімнің бірі.
Жызақ аудандық білім беру басқармасының қызметкері бұл министрліктің бұйрығы екенін айтты. Ал Өзбекстанның халыққа білім беру министрлігі мектептердегі тәулік бойы кезекшіліктен хабары жоқ екенін білдірді.
"Министрлік мектептерге ешқандайда бұйрық немесе тапсырма берген емес. Егер мұғалімдерді мәжбүрлеп жатса, бізге хабарлассын. Министрлік мәжбүрлі жұмыс істету мен ақша жинатуды анықтайтын арнайы алқа құрған. Егер мұғалімдерден арыз келсе, міндетті түрде тексереміз",- деді мекеменің баспасөз қызметкері.