Ссылки доступа

Қырғыз парламенті Отунбаеваның Текебаевқа рақымшылық жасау өтінішін қолдады


Қырғыз парламентіндегі барлық алты фракцияның лидерлері елдің экс-президенті Роза Отунбаеваның мемлекет басшысы Сооронбай Жээнбековтің атына сотталған Омурбек Текебаевқа рақымшылық жасау туралы өтініш қолдады. Бұл жөнінде "Ата Мекен" фракциясының лидері Алмамбет Шыкмаматов хабарлады.

Енді хатты президент Сооронбай Жээнбековке жібереді.

25 желтоқсанда Роза Отунбаева президент Сооронбай Жээнбековтен парламенттің экс-депутаты Омурбек Текебаевқа рақымшылық жасауды өтінген. Ол парламенттегі фракция лидерлерін өзінің бастамасын қолдауға шақырған.

Отунбаева өтінішінде "Кешірім мен рақымшылық жасаудың ортақ принциптері туралы" заңда рақымшылық жасау үшін сотталушы кінәсін мойындап, ісіне өкінуі тиіс деген шарт жоғын айтады. Оның сөзінше, заңда президент сотталушыға оның өз өтінішімен ғана рақымшылық жасай алады деген ереже де жоқ.

Бұған дейін Сооронбай Жээнбеков Омурбек Текебаевты қамаудан босату ісіне араласа алмайтынын, дегенмен, сотталушының өзі өтініш білдірсе заң бойынша рақымшылық жасауға болатынын мәлімдеген. Бірақ Текебаев кешірім сұрамайтынын білдірген.

XS
SM
MD
LG