Ссылки доступа

Қырғызстаннан шығару шешіміне қарсы болған өзбек азаматы өзіне қол жұмсауға әрекеттенген


Өзін Қырғызстаннан депортациялау жөніндегі сот шешімін естіген Өзбекстан азаматы өзіне қол жұмсамақ болған. Бұл жөнінде Қырғызстанның жергілікті басылымдары хабарлайды.

Хабарға қарағанда, Өзбекстан азаматы Алишер Асатуллаев өзін елден шығару жөніндегі сот шешімін ести салысымен, қолындағы улы затты аузына салуға тырысқан. Бірақ сот залындағы милиция қызметкерлері күштеп, қолындағы улы затты тартып алған.

Сот мәліметінше, Алишер Асатуллаев Қырғызстанда құжатсыз ұзақ уақыт тұрған. Нәтижесінде оны депортациялау туралы шешім шығарған. Ер азамат өзінің жалғызбасты әке екенін, екі баласын Өзбекстанға көшіре алмайтынын айтады. Асатуллаев өзінің жетімдер үйінде өскенін, балалары өзінің тағдырын қайталамаса екен дейді. Ол билік өзінің проблемасына мән беруін сұрап, бірнеше рет пикет ұйымдастырған.

Алишер Асатуллаев екі жыл бойында пәтер үшін жергілікті депутат Ольга Архиповамен соттасып келеді.

"Асатуллаевты қолдаушылар оның ұзақ жылдар бойы екі баласымен иесіз пәтерде тұрып келгенін айтады. Бірақ Кара-Балта қалалық кеңесінің депутаты Ольга Архипова Жоғарғы сот арқылы пәтерді өзіне қаратып алған. Кейін депутатқа қарсы жасанды құжат әзірледі деген айыппен іс қозғалған. Таяуда бұл іс сотта қаралады", - делінген хабарда.

Асатуллаевты қолдаушылар сот шешімне қарсы шағымданатынын мәлімдеді.

XS
SM
MD
LG