Ссылки доступа

Түркіменстанда коммуналдық төлемдер бірнеше есеге қымбаттады


Түркіменстанда жаңа жылдан бастап коммуналдық төлемдер бірнеше есеге өсті.

Былтыр пәтердің коммуналдық қызмет ақысы әрбір шаршы метрі үшін 7 манат 40 теңге ($2) болса, 1 қаңтардан бастап 16 манат 90 теңгеге ($4,7) қымбаттаған.

Азаттықтың түркімен қызметінің (Азатлык) Ашхабадтағы тілшісінің хабарлауынша, соңғы екі күннен бері үй басқармасы қызметкерлері үй-үйді аралап, тұрғындарға коммуналдық төлем түбіртегін таратып жүр.

«Түбіртектерді үй басқармасы қызметкерлерінің өздері толтырады. 2018 жылы көлемі 54 шаршы метр пәтер үшін жылына 400 манат төледік. Биылға 893 манат 20 теңгеге шықты. Бұл сомаға қоқыс шығару қызметі де кіреді дейді. Бірақ ол үшін қанша ақша қосқанын түсіндірмеді», - дейді Азатлык тілшісі.

2015 жылы 54 шаршы метр пәтердің коммуналдық төлемақысы 15 манат ($4), 2016 жылы - 145 манат ($40), 2017-2018 жылдары 400 манат ($111) болған. Яғни 2015 жылдан бері коммуналдық төлем 60 есеге өскен.

Түркіменстанда орташа еңбекақы шамамен 800 манат ($222).

XS
SM
MD
LG