Ссылки доступа

25 жыл бұрын пайда болған Қырғызстан Парижі (видео)


Қырғызстандықтарға Парижге бару үшін шенген визасын алып, ұшаққа ақша шығару қажет емес. Бұл елде осыдан 25 жыл бұрын өзінің Парижі пайда болған. Шағын сауда бекеті Бішкек-Ош тас жолының бойында ел астанасынан 150 шақырым жерде орналасқан.

Қырғызстандық "Париж тұрғындары" елдің ең суық мекені – Суусамыр жазығында тұрады.

Неге бұл жер Париж деп аталады? Бұл атауды алысқа қатынайтын жүргізушілер қойған.

"1993 жылдан бері халық бұл жерге көшіп келе бастады. Ол кезде тек екі кафе жұмыс істейтін. 1995 жылы адамдар киіз үйлерімен, шатырларымен келе бастады. Әркім өзінің тұратын жерлерін түрлі-түсті шамдармен безендіре бастады. Түнде бұл жер түрлі-түске боялып тұрады. Жолаушылардың тоқтамай өтпеуі мүмкін емес. Жолаушылар бұл жерді Париж деп атап кетті. Себебі, әсіресе түнде өте әдемі көрінеді", – дейді ауыл тұрғыны Сайраш Бейшебаева.

Гүлшаттың көп жылдан бері тұрақты клиенттері бар. Бүгінде алыс жолға шығатын көлік жүргізушілерімен қарым-қатынасы достыққа ұласқан.

"Бастапқыда бізді Париж ретінде танитын. Шетелден келетін туристердің өздері Қырғызстанда осындай көрікті жер барын біледі. Тіптен "Кім миллионер болғысы келеді?" деген бағдарламада "Орталық Азия аумағындағы Париж қайда орналасқан?" деген сұрақ болды. Оның жауабы - Суусамыр. Бұл хабарды өзім көрдім", – дейді Гүлшат.

Қыс кезінде қатты аязда "Париж" тұрғындары ұзақ жолға шыққан жолаушыларға көмектесіп, ыстық тамақ беріп, жылытып жібереді.

Бірақ картада бұл жер ресми көрсетілмеген. Тұрғындар биліктен өздерін бөлмей, заңдастыруды сұрайды. Олар ресми түрде Шу облысындағы Париж елді-мекені деп аталса екен дейді.

XS
SM
MD
LG