Ссылки доступа

Тәжікстанда сүт безінің қатерлі ісігімен ауыратын әйелдер саны өсіп келеді


Тәжікстанда сүт безінің қатерлі ісігімен ауыратын әйелдер саны өсіп келеді. Жыл басында бір топ тәжік ғалымдары зерттеу жұмыстарының нәтижесін жариялаған.

Медицина ғылымының докторы Самеъ Расулов, профессор Заррина Рофиева және жас ғалым Кошиф Расулов бұл мәселені 2006 - 2016 жылдар аралығында зерттеген. Осы жылдар ішінде сүт безі ісігімен ауыратындар жыл сайын бір пайызға өсіп отырған. Егер 2006 жылы сүт безінің қатерлі ісігімен 229 әйел ауырса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 467-ге жеткен.

2016 жылы Тәжікстанда 312 әйел аталған қатерлі кеселден көз жұмған.

Зерттеушілердің айтуынша, Тәжікстанда кең тараған қатерлі ісік ауруы арасында сүт безігің рагы жатыр мойнының қатерлі ісігінен кейін екінші орында екен. Дәрігерлер бұл індеттің жыл сайын жасарып келе жатқанына алаңдайды. Осыған дейін қатерлі ісікпен тек 35 жастан асқан әйелдер ауырса, қазір 25-тен жоғары қыз-келіншектер де қатерлі кеселге шалдығып жатыр.

Зерттеушілер келтірген мәліметке қарағанда, 2006 - 2016 жылдар аралығында 4 мың әйел сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан. Олардың орта жасы – 45 - 54. 97 жаста аталған кеселге шалдыққан әйелдер де кездескен.

Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2018 жылы жер бетінде 627 мың әйел аталған індет салдарынан өмірден өткен.

XS
SM
MD
LG