Өзбек шенеуніктерінің бірінің айтуынша, Қадыров ісіне қатысты сот дүйсенбі күні Ташкент қаласының Юнусабад аудандық сотында басталды.
"Істі Ташкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі соты төрағасының орынбасары Акбар Туробов қарайды. Сот жабық өтіп жатыр. Сот отырысына 15-ке жуық сотталушыны алып барған болуы керек. Сот ғимаратына "жедел жәрдем" автокөлігі келді, соған қарағанда сотқа Мираглам Мирзав жеткізілген болуы керек", - деді дереккөз.
(Мираглам Мирзаев Ташкент қаласы прокурорының бұрынғы бірінші орынбасары қызметін атқарған. "Антибиотик" есімімен танымал болған ол ауруына байланысты ІІМ госпиталіне ауыстырылған).
67 жастағы Рашид Қадыров 15 жыл бойы Өзбекстанның Бас прокуроры қызметін атқарды. Ол президент Шавкат Мирзияев билікке келген соң ұсталды.
Мирзияев бұрынғы шенеунік Қадыровты ауыр қылмыстар жасағаны үшін айыптаған.
Өткен жылы маусым айында республиканың бас прокуратурасы "Қадыров ісі" аясында 24 адам ұсталғанын хабарлаған.